Сурет: ЖИ / Egemen.kz
Бас прокуратура азаматтарды алаяқтықтың жаңа тәсілінен сақтандырады. Қаскөйлер өздерін «eGov» қызметкерлері ретінде таныстырып жүр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Интернет-алаяқтық көрсеткіші 14,8%-ға төмендегенімен (17,2 мыңнан 14,6 мыңға), қылмыскерлер азаматтарды алдаудың жаңа әдістерін қолдануды тоқтатқан жоқ. Соңғы бір айдың өзінде елімізде өзін «eGov» қызметкері санаған алаяқтардың 30-ға жуық дерегі тіркелді.
Көбіне алаяқтар азаматтарға олардың атынан ЭЦҚ рәсімделгені туралы жалған мәлімет береді. Сосын сыбайластары әңгімеге араласып, заңсыз несие рәсімделуінің алдын алу деген сылтаумен жәбірленушілерді өздері көрсеткен шоттарға ақша аударуға көндіреді.
Осындай жағдайдың бірі Тараз қаласының тұрғынымен болған. Белгісіз адам оған қоңырау шалып, өзін «eGov» қызметкері ретінде таныстырып, әйелдің атына ЭЦҚ шығарылғанын айтқан. Кейін WhatsApp арқылы басқа адамдар онымен байланысып, оның атына жеті банктен несие рәсімделгенін хабарлаған. Алаяқтардың арбауына түскен әйел үшінші тұлғалардың шоттарына 2 млн теңгеден астам қаражат аударған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
«Бас прокуратура азаматтарды сақ болуға шақырады. Мемлекеттік органдар мен сервистердің қызметкерлері телефон арқылы ақша аударуды, несие рәсімдеуді немесе қаражатты «қауіпсіз шоттарға» аударуды талап етпейді. Бөгде адамдарға SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк карталары мен ЭЦҚ деректерін бермеңіз, сондай-ақ белгісіз тұлғалардың нұсқауы бойынша ақша аудармаңыз. Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, тиісті мемлекеттік органға немесе банкке ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласыңыз», делінген ақпаратта.
Еске салайық, шілде айында 4 жыл бойы халықаралық іздеуде болған алаяқ Түркиядан депортацияланған болатын.
