Сурет: Конституциялық Сот
2026 жылғы 9–10 қазанда Венецияда Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясының (Венеция комиссиясы) 148-ші пленарлық отырысы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жиынға Комиссияға мүше 47 мемлекеттің, сондай-ақ Еуропа Кеңесі мен Еуропалық Одақ институттарының өкілдері қатысты. Қазақстан атынан Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова барды.
Отырыс барысында Грузия, Грекия, Мальта, Молдова, Черногория, Польша, Сербия және Украинаның заңнамалық және институционалдық мәселелері бойынша қорытындылар қаралды. Басты назар конституциялық өзгерістерге, мемлекеттік институттардың ұйымдастырылуы мен қызметіне, сот жүйесінің тәуелсіздігіне, парламенттік әдеп пен сайлау құқықтарына аударылды.
Сондай-ақ азаматтардың шетелде дауыс беруі және үкімет мүшелерінің қылмыстық жауаптылығы мәселелері бойынша салыстырмалы-құқықтық баяндамалар ұсынылды.
Қазақстанның Венеция комиссиясының жұмысына қатысуы конституциялық құқық пен конституциялық сот төрелігін дамытудағы халықаралық тәсілдермен танысуға, сондай-ақ құқық үстемдігін қамтамасыз ету және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Эльвира Азимова Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы лауазымына тағайындалғаны туралы хабарлаған едік.
