Сурет: Reuters
Венесуэланың экс-президенті Николас Мадуроның жұбайы Силия Флорес денсаулық жағдайына байланысты сотқа дейінгі қамаудан босатуды өтінді. Оның қорғаушысы үйқамаққа рұқсат беруді сұрап, Флорестің жүрек дертіне шалдыққанын негізге алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Адвокат Марк Доннеллидің мәлімдеуінше, Флореске жүрек катетеризациясы ұсынылған. 69 жастағы әйел қазір бірнеше дәрі ішіп, медициналық тексеруден өтуде. Сонымен қатар оған ықтимал жүрек талмасы кезінде қолданылатын дәрі тағайындалған.
Айта кетейік, 3 қаңтарда АҚШ Каракасқа шабуыл жасап, Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорестің елден шығарылғанын мәлімдеген болатын. Нью-Йорк сотында оларға наркотерроризм, кокаин тасымалдау, қаруды заңсыз сақтау және сөз байласу баптары бойынша айып тағылды. Алайда Николас Мадуро бұл айыптауларды жоққа шығарды. АҚШ-тың федералдық соты Венесуэла президенті мен оның жұбайына қатысты сот процесі 2027 жылы басталатынын жариялады.
