Қоғам

Жүктілік кезіндегі қан қысымы жыл сайын 42 мың әйелдің өмірін қияды – ДДСҰ

Сурет: Aikyn.kz

Жүктілік барысында қан қысымының көтерілуіне байланысты аурулар жыл сайын шамамен 42 мың әйелдің өліміне әкеп соғады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы мәселемен күресуге бағытталған жаңа халықаралық жоспарын жария етті.

Ұйымның 8 қазандағы деректеріне сәйкес, әлемде жүктіліктің 10-15 пайызы қан қысымының жоғарылауымен байланысты асқынулармен өтеді. Мұндай аурулар ана өлімінің шамамен 16 пайызына себепші болады.

Бұған қоса, жыл сайын осы ауруларға байланысты 500 мыңнан астам нәресте өлі туылады немесе дүниеге келген соң шетінеп кетеді.

Мамандар әсіресе преэклампсияның қауіптілігін ескертеді. Ол – жүктілік кезінде пайда болатын, қан қысымының жоғарылауымен және ағзалар қызметінің бұзылуымен сипатталатын ауыр асқыну. Уақтылы анықталмаған жағдайда ана мен баланың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

ДДСҰ мәліметінше, көптеген елде жүкті әйелдер қан қысымын тұрақты өлшеу, зәрдегі ақуызды анықтау және қажетті дәрі-дәрмектерді алу мүмкіндігіне толық қол жеткізе алмай отыр.

Ұйым 2026–2035 жылдарға арналған жаңа халықаралық жол картасын қабылдады. Құжатта ауруды ерте анықтау, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және жаңа емдеу тәсілдерін зерттеу қарастырылған.

Мамандар жүктілік кезіндегі қан қысымының жоғарылауы әйелдің босанғаннан кейінгі денсаулығына да әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Мұндай асқынуды бастан өткерген әйелдерде кейін жүрек-қантамыр және бүйрек ауруларының даму қаупі жоғарылайды.

Көп оқылғандар