Сурет: Жайық Пресс
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, онда жұмыс мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудың жаңа тәсілдері талқыланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Отырысқа селекторлық режимде облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
Батыс Қазақстан облысында еңбек нарығының нақты сұранысын ескере отырып, кадрларға қажеттіліктің өңірлік картасы әзірленген. Дуалдық оқытуды дамытуға және өңір кәсіпорындары сұраныс ететін мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінуде.
Бүгінгі таңда облыста техникалық және кәсіптік білім берудің 35 ұйымы жұмыс істейді, оның 26-сы мемлекеттік және 9-ы жеке меншіктегі колледждер. Оларда 15 мыңнан астам студент білім алуда.
Еңбек нарығының нақты қажеттілігін ескере отырып, кадрларға қажеттіліктің өңірлік картасы жасалған. Мамандар даярлау сапасын арттырудың тиімді құралдарының бірі – дуалдық оқыту. Оны дамыту жұмыстың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған.
Қазіргі уақытта дуалдық оқыту жүйесі 21 мемлекеттік және 3 жеке меншік колледжде енгізілген. Дайындық 42 мамандық және 68 біліктілік бойынша жүргізіліп, оқыту 3 мыңнан астам студентті қамтиды.
Студенттердің өндірістік практикасын және оларды кейіннен жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін өңір кәсіпорындарымен тұрақты негізде 3 008 шарт жасалған. 215 кәсіпорынмен өзара іс-қимыл білім беру процесін өндірістің нақты талаптары мен жұмыс берушілердің қажеттіліктеріне барынша жақындатуға мүмкіндік береді.
Отырыс қорытындысында облыс әкімі Н. Төреғалиев еңбек нарығындағы нақты жағдайды ескере отырып, кадрлар даярлауға жүйелі көзқарас қажеттігін атап өтті.
Жауапты құрылымдарға кәсіпорындардың мамандарға деген қажеттілігін, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштерін, сондай-ақ жақын жылдарға еңбек нарығының қажеттілік болжамын егжей-тегжейлі зерделеу тапсырылды.
Осылайша, өңірдің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жұмыс берушілермен тығыз өзара іс-қимылға және облыс экономикасының даму перспективаларына сәйкес кадрлық әлеуетті қалыптастыруға бағытталған.
