Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Ұлттық спорт университетінің ашылуы спорт саласындағы кәсіби мамандар даярлауға елеулі үлес қосатынын айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президент «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» да жемісті жұмыс істей бастағанын атап өтті.
«Елімізде жыл сайын қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, бәйге және басқа да спорт түрлері бойынша мыңнан астам жарыс өткізіледі. Ұлттық спорт түрлерінің фестивалі, «Ақ бидай» ауыл ойындары, «Қазақстан барысы» додасы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Ең бастысы, ұлттық спорт пен олимпиадалық спорт түрлері заң жүзінде тең мәртебеге ие болды. Бүгінде қазақ спортының беделі зор. Мұны бүкіл әлем мойындайтын болды. Қазақстан спортшылары әрдайым үздіктер қатарында. Күні кеше даңқты спортшымыз Елена Рыбакина теннистен әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бұл – шын мәнінде өте үлкен жетістік. Мен Елена Рыбакинаны құттықтадым, оның еңбекқорлығы мен шеберлігін атап өтіп, бойындағы жеке мәдениетінің жоғары екеніне ерекше баға бердім», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент спорт саласындағы табыстарға Үкіметтің және тиісті министрліктің табанды жұмысының алғашқы нәтижесі ретінде оң баға беріп, алда әлі де көп міндет тұрғанын еске салды.
«Елімізде түрлі халықаралық додалар өткізілуде. Биыл Астанада дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияны ұштастырған бірегей жарыс – «Болашақ ойындары» сәтті өтті. Келесі жылы елорда төрінде жеті бірдей әлем чемпионаты жалауын көтереді. Өте ауқымды жұмысты атқаруымыз керек, бірақ мұның бәрі – еліміздің абыройына, беделіне өте қажетті халықаралық іс-шаралар. Ал 2029 жылы Алматыда X Қысқы Азия ойындары өтеді. Осы маңызды шаралардың бәрін сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, спортшылардың жеңісі, ең алдымен, өскелең ұрпаққа жігер беретінін айтты.
«Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Бұл – үлкен мәртебе және зор жауапкершілік. Жеңімпаз, чемпион болу – бір басқа, жеңімпазға, чемпионға лайық үлгі көрсету – бір бөлек. Жас ұрпақты табанды, қайсар, шыдамды болумен қатар, оларды әдепті, мәдениетті, тиянақты болуға үйрету өте маңызды. Сонда жастарымыздың тәні де, жаны да сау, санасы сергек болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, бүгін Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылар мен бапкерлерді Көшпенділер ойындарындағы жарқын жеңістерімен құттықтады.
