Сурет: ҰОК
Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының (ISSA) Азия және Еуропа бойынша вице-президенті қызметіне сайланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сайлау 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өткен ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы барысында жүргізілді. Головкин жаңа лауазыммен 2026–2029 жылдарға арналған ұйымның Атқарушы комитетінің құрамына енді.
ISSA президенті болып Сауд Арабиясының Спорт министрі, елдің Олимпиада және Паралимпиада комитеттерінің жетекшісі ханзада Абдулазиз бин Турки Әл-Фейсал қайта сайланды.
Спорт қауымдастығы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттердің Ұлттық Олимпиада комитеттерін біріктіреді. ISSA-ның жоғарғы заң шығарушы органы – Бас ассамблея. Қауымдастық ұйымдастыратын басты спорттық додалардың бірі – Ислам ынтымақтастығы ойындары.
Геннадий Головкин 2024 жылғы ақпаннан бері Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетін басқарып келеді. Сондай-ақ ол 2025 жылы World Boxing ұйымының президенті болып сайланған.
Тамыз айында Геннадий Головкин ISSA вице-президенті қызметіне кандидат ретінде ұсынылғанын еске саламыз.
