Жайық news

Оралда аптекалардан тонометр ұрлаған күдікті ұсталды

Сурет: Жайық Пресс

Орал қаласындағы бір аптекада тонометр ұрлығы орын алды. Белгісіз ер адам дәріхана сатушысы басқа сатып алушымен айналысып жатқан сәтті пайдаланып, сөреде тұрған тонометрді байқатпай сөмкесіне салып кеткен, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кейін ол күдік тудырмау үшін қарапайым сатып алушы ретінде әрекет етіп, кезегін күтіп, дәрі-дәрмектерін төлеп, дәріханадан шығып кеткен. Алайда ол бұнымен тоқтамай, қаладағы басқа дәріханаға кіріп, дәл осылай тағы бір тонометрді ұрлаған.

Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды. Ол Орал қаласының 50 жастағы тұрғыны болып шықты. Тексеру барысында оның бұрын қаладағы ірі сауда орталықтарындағы бутиктерге барып, сол әдіспен киім ұрлағаны да анықталған.

Қазіргі уақытта осы фактілер бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге мәліметтер жария етілмейді.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері сауда нысандары мен дәріханалардың иелері мен қызметкерлерін бейнебақылау камераларын орнатуға, тауарлар мен қымбат медициналық құрылғыларды қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырады.

Көп оқылғандар