Сурет: instagram.com/01pk
Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайраттың туыстарына тиесілі Дубайдағы пәтерлерге қатысты тексеруді аяқтады. Агенттік жылжымайтын мүліктің қайырымдылыққа жиналған ақшаның есебінен сатып алынғаны туралы болжам расталмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін анонимді Telegram арналарының бірінде Перизат Қайраттың туыстарының Дубайда бірнеше пәтері бар екені туралы ақпарат тараған. Осыдан кейін агенттік жылжымайтын мүлік Перизат Қайраттың қылмыстық жолмен тапқан қаражатына сатып алынуы мүмкін деген болжамды тексерген.
ҚМА мәліметінше, тергеу барысында қаржылық операциялар толық зерттеліп, жымқырылған ақшаның қалай жұмсалғаны анықталған.
«П.Қайрат қайырымдылыққа жиналған ақшаны иемденіп, оны автокөліктер мен пәтерлер сатып алуға, пәтерлерді жөндеуге және жиһазбен жабдықтауға, қымбат брендтердің киім-кешегі мен әшекей бұйымдарына, бизнес-класпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына жұмсаған», делінген агенттік хабарламасында.
Алайда агенттік Перизат Қайрат пен оның туыстары арасында қаржылық есеп айырысу болмағанын хабарлады. Сонымен қатар жарияланымдарда сөз болған пәтерлер 2011-2019 жылдары қайырымдылық қоры құрылғанға дейін сатып алынған.
«Жалпы, А. ерлі-зайыптылары 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алып, қайта сатумен айналысып келеді. Олар П.Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін де дербес жүргізген», деп мәлімдеді ҚМА.
Агенттік Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мүлікті бұғаттау немесе тәркілеу үшін оның қылмыстық жолмен алынғанын дәлелдеу қажет екенін еске салды.
«Түсіндіре кетейік, Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мүліктің қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болған жағдайда ғана оны бұғаттауға және тәркілеуге жол беріледі», делінген хабарламада.
Еске салайық, 1,5 млрд теңгені жымқырды деген айыппен сот Перизат Қайратты 10 жылға, ал анасы Ғайни Алашбаеваны 7 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Сот үкімімен олардан 50 жәбірленушінің пайдасына жалпы 1 млрд 582 млн теңге көлемінде материалдық шығын өндіріліп, мемлекеттік баж бен сот шығындарын өтеу міндеттелді.
Бұдан бөлек, Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс бойынша барлығы төрт автокөлік тәркіленген.
