Басты тақырып

Тоқаев АҚШ Президентінің арнайы өкілі Серджио Горды қабылдады

Сурет: aqorda_resmi

БРИКС саммиті аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде Серджио Гор Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында АҚШ Президенті Дональд Трамптың құттықтау хатын табыс етті.

Мемлекет басшысы жылы лебіз үшін АҚШ Президентіне алғыс білдіріп, Америка көшбасшысын Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-америка стратегиялық серіктестігінің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, ықпалдастық аясын одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

«Қазіргі уақытта Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысуға дайындалып жүрмін. Бұл екіжақты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Өзара тиімді ықпалдастықты ілгерілету жолында сөзден гөрі нақты іске көшкенді жөн көреміз», деді Қазақстан Президенті.

Серджио Гор Қазақстан мен АҚШ көшбасшыларының тығыз әрі өзара сенімге құрылған қарым-қатынасының арқасында екі ел ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.

«Бүгінде мемлекеттеріміздің сауда-экономикалық байланыстары мен ықпалдастығы белсенді өрбіп келеді. Президентіміз Қазақстанмен және Орталық Азиямен серіктестікті күшейтуге айрықша мән береді», деді Арнайы өкіл.

Кездесу барысында бірлескен жұмыстың маңызды бағыттары, әсіресе, жасанды интеллект және цифрлық технология секілді басым салалар қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Серджио Гор өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін беретін сан қырлы серіктестікті одан әрі кеңейтуге ниетті екендерін растады.

Көп оқылғандар