Спорт

Ақмарал Ерекешева Чехиядағы Гран-Придің күміс жүлдесін жеңіп алды

Сурет: ТСМ

Көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған, ересектер арасындағы әлем чемпионатында да жоғары деңгейде өнер көрсеткен Ақмарал Ерекешева Чехияда өткен Grand Prix BRNO жарысының көпсайысында үздік үштікке енді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, отандасымыз өз мансабындағы жеке рекордын жаңартып, 116.500 ұпай жинады. Бұған дейінгі ең жоғары нәтижесі Франкфурттағы әлем чемпионатында тіркелген 115.800 ұпай болатын.

Жарыс қорытындысы бойынша:

  • 1 орын – Таисия Онофрийчук (Украина) – 117.900 ұпай
  • 2 орын – Ақмарал Ерекешева (Қазақстан) – 116.500 ұпай
  • 3 орын – Лилиана Левинска (Польша) – 108.250 ұпай

Аталған дода 13 қыркүйекке дейін жалғасады. Енді спортшымыз төрт бағдарлама бойынша жекелей сайыстың финалында өнер көрсетіп, жүлдеге таласады.

Айта кетейік, Ақмарал Ерекешева Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтетін ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы сапында бақ сынайды. Аичи-Нагоядағы көркем гимнастика бәсекесі 1-3 қазанға жоспарланған.

Көп оқылғандар