Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XVIII БРИКС саммиті барысында Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде Президент шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянның Астанаға сапарының тарихи маңызын атап өтті. Осы сапар аясында екіжақты қарым-қатынасты дамытуға тың серпін берген маңызды құжаттарға қол қойылғанын айтты.
«Өзара ынтымақтастығымыз шын мәнінде сан қырлы сипатқа ие және көптеген бағытты қамтиды. Алдағы уақытта да бірлескен жұмысты ілгерілету үшін күш жұмылдыра береміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тараптар энергетика, көлік-логистика, ақпараттық технология және ауыл шаруашылығы салаларында табысты жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларды талқылады. Бұл бастамалар экономикалық ықпалдастықты жандандырып, өзара сауда-саттық көлемін арттыруға септігін тигізеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға жылы лебізін жолдап, оның Қазақстанға сапармен келуін күтетінін жеткізді.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы БРИКС XVIII саммитіне қатысу үшін Нью-Дели қаласына барды. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев «аутрич»/«БРИКС+» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйлейді. Сондай-ақ бірқатар екіжақты кездесу өткізеді.
