Сурет: Egemen Qazaqstan
Ресейдегі әскери қызмет орнын рұқсатсыз тастап, Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен шетел азаматына қатысты қылмыстық іс қаралып, аяқталды. Сот оны ел аумағынан шығарып, бес жылға Қазақстанға кіруіне тыйым салды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеуінше, М. есімді азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-бөлігіндегі қылмыс бойынша кінәлі деп танылды. Оған 865 мың теңге айыппұл, елден шығару және бес жыл бойы Қазақстанға кіруге тыйым салу жазасы белгіленді.
Дегенмен сот «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға сүйеніп, азамат М.-ны негізгі жаза — айыппұл төлеуден босатты.
Сот анықтағандай, шетел азаматы Ресей Федерациясының қарулы күштерінде әскери қызмет атқарған. 2025 жылдың шілдесінен бастап қызмет орнын өз бетінше тастап, Ресейдің құзыретті органдарынан жасырынған.
2026 жылғы мамырда азамат М. Ресейден кету үшін картографиялық сервистерді қолданып, Ресейдің мемлекеттік шекарасын Қазақстан бағытында заңсыз кесіп өту маршрутын жасаған.
Сот деректеріне қарағанда, ол әрекетінің қоғамдық қауіптілігін ұғына отырып, Ресей мен Қазақстан жағындағы қоршаулар мен шекаралық белгілерді елемеген. Белгіленген өткізу пунктінен тыс жерде, шекаралық және өзге де бақылау түрлерінен өтпей, Қазақстан аумағына заңсыз кірген.
Шекараны кесіп өткен соң азамат М. Орал қаласына жету үшін автомобиль жолына шыққан. Кейін Оралдан Жамбыл облысындағы Тараз қаласына барған. Ол жерден басқа мемлекетке шығуды жоспарлаған, алайда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оны ұстаған.
Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, әрекетін мәжбүрлі жағдайда жасағанын ескеруді сұраған. Сонымен қатар бас бостандығынан айырмауды, Қазақстан аумағынан шығармауды және рақымшылық туралы заңды қолдануды өтінген.
