Қоғам

Жас өнертапқыштар инсульттен кейінгі оңалтуға арналған тренажер жасады

Сурет: 24 кз

Қолдың, білезік пен саусақтардың қозғалысын қалпына келтіруге арналған құрылғыны жас өнертапқыштар әзірледі. Оның басты ерекшелігі – жаттығулар ойын түрінде өтіп, оңалту үдерісін қызықты әрі жеңіл етеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тренажер үш модульден тұрады: біріншісі шынтақ буынын, екіншісі білезікті, үшіншісі саусақтарды жаттықтырады. Құрылғыны қарапайым теледидарға қосып, үй жағдайында да пайдалануға болады.

Жас өнертапқыштар Алматыдағы клиникалардың бірінде сегіз апта бойы сынақ жүргізген. Жоба авторларының айтуынша, осы кезеңде пациенттердің бұлшықет белсенділігінде айтарлықтай оң өзгерістер байқалған.

Құрылғыны әзірлеуге екі жылдан астам уақыт кеткен. Оқушылардың еңбегі Ыстанбұлда өткен халықаралық ғылыми көрмеде екінші орынға ие болды.

Жас инженерлер өз өнертабысына патент алып үлгерген. Ендігі мақсат – тренажерді жаппай өндіріске шығару.

Көп оқылғандар