Сурет: aqorda_resmi
Alem.ai халықаралық орталығында Қазақстан мен Бельгияның жоғары оқу орындары басшыларының басқосуы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жиын «Білім беру мен ғылыми зерттеулерге жасанды интеллектінің әсері» тақырыбында интерактивті пікірталас түрінде ұйымдастырылды.
Қатысушылар жасанды интеллект технологияларының жоғары білім мен заманауи ғылымға ықпалын жан-жақты талқылады. Сондай-ақ Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы аймақтық хаб ретіндегі рөлі, білім, зерттеу және инновация салаларындағы ынтымақтастық үшін стратегиялық алаң ретіндегі маңызы қарастырылды.
Академиялық және білім беру ортасында жасанды интеллект пен оқу машинасын қолдануға, оқу мен оқыту үдерістеріндегі жаңа технологияның әсеріне ерекше назар аударылды.
Форум барысында Қазақстан мен Бельгия жоғары оқу орындарының серіктестігін кеңейту, бірлескен білім беру және зерттеу бастамаларын іске қосу, академиялық ұтқырлықты дамыту, жоғары мектептегі цифрлық трансформация салаларында тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Іс-шара қорытындысы бойынша екі ел университеттері арасында бірқатар келісім мен меморандумға қол қойылды.
