Сурет: aqorda_resmi
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Королі Филипп және Патшайым Матильдамен бірге Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығын аралады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қонақтарға дамуында ауытқуы бар балаларға кешенді көмек көрсету тәртібі таныстырылды. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың коммуникативтік дағдыларын, таным-түйсігін және өз бетінше әрекет ету қабілетін дамытуға бағытталған медициналық, психологиялық-педагогикалық оңалту мен әлеуметтік бейімдеудің заманауи әдістері баяндалды.
Жеке қалпына келтіру бағдарламаларында роботтандырылған реабилитация технологиясы қолданылады. Орталық жұмысында әлеуметтік интеграцияға және балалардың қоғам тіршілігінен тыс қалмай, толыққанды өмір сүруіне жағдай жасауға айрықша мән беріледі.
Король Филипп пен Патшайым Матильда балалармен, олардың ата-аналарымен және медицина қызметкерлерімен әңгімелесіп, интерактивті бағдарламаға қатысты. Содан кейін меймандар Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
Ұлттық балаларды оңалту орталығы психоневрологиялық дертке шалдыққан, сөйлеуінде, когнитивті дамуында және мінез-құлқында бұзылыстары бар, соның ішінде церебралды сал ауруына душар болған және аутистік спектрі бұзылған балаларға кешенді көмек ұсынады. Жыл сайын Қазақстанның барлық аймағынан 5 мыңнан астам пациентке оңалту қызметтері көрсетіледі.
