Жайық news

БҚО-да заңсыз кен қазу белгілері бар 195 учаске анықталды

Сурет: Жайық Пресс

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы жалпы таралған пайдалы қазбаларды өндіру саласында көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Ғарыштық мониторинг деректері бойынша өңірде заңсыз қазу белгілері бар 195 учаске табылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл мәселе облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының төрағалығымен өткен прокуратура алқа отырысында қаралды. Тексеру барысында рұқсатсыз жұмыстармен қатар, жер қойнауын пайдаланушылардың экологиялық және келісімшарттық міндеттемелерді бұзу фактілері де анықталды.

Құм, гравий, саз сияқты ресурстар жол, ғимарат және инфрақұрылым құрылысында қолданылатындықтан, заңсыз өндіру мемлекет мүддесі мен қоршаған ортаға зиян келтіреді.

Сонымен қатар, 26 жер қойнауын пайдаланушыда өндірілген және өткізілген көлемдер арасында айырмашылықтар тіркелген. Бұл айырмашылықтардың есеп ерекшеліктеріне байланысты ма, әлде заңбұзушылықтың белгісі ме – тиісті тексерулер барысында анықталады.

Алқа отырысында құқық қорғау органдарының жұмысы да қаралып, прокуратура төрт заңсыз процестік шешімді жойды, сондай-ақ қылмыстық құқықбұзушылықты жасыру фактісі анықталды. Сотқа дейінгі тергеу кемшіліктері бөлек талқыланды.

Жер қойнауын пайдалану салдарынан келтірілген зиянды өтеу және бұзылған жерлерді қалпына келтіру мәселелері де назардан тыс қалмады. Жұмысты тоқтату өздігінен салдарды жоймайды: аумақты тиісті жағдайға келтіру қажет. Прокурорлар жер қойнауын пайдалану құқығын алу ресурсты алу мүмкіндігін ғана емес, белгіленген талаптарды орындауды да көздейтінін еске салды. Бұл талаптарды бұзу айыппұл төлеумен жойылмайтын салдарға әкеледі – рельеф өзгереді, топырақ жамылғысы бұзылады, игерілген аумақтар қалпына келтіруді қажет етеді.

Алқа қорытындысы бойынша уәкілетті және құқық қорғау органдарына анықталған бұзушылықтарды жою және жер қойнауын пайдалану саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыру жөнінде тапсырмалар берілді. Олардың орындалуын облыс прокуратурасы бақылауға алды.

Көп оқылғандар