Қоғам

Қазақстанда тағы 4 тасжолда орташа жылдамдық бақыланады

Сурет: ашық дереккөз

Бүгіннен бастап республикалық маңызы бар ақылы автожолдардың тағы төрт учаскесінде көлік құралдарының орташа жылдамдығы бақылауға алынды. Осылайша, жүйе қамтитын жол бөліктерінің саны 11-ден 15-ке жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа бақылау жүйесі мына бағыттарда іске қосылды:

Орал – Ресей шекарасы (Самара);

Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынбор);

Орал – Ресей шекарасы (Саратов);

Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы).

Жаңа учаскелерде бақылау аркалары арасындағы қашықтық өлшеніп, аппараттық-бағдарламалық кешендер сертификаттаудан өтті. Енді жүйе орташа жылдамдықты есептеп, белгіленген шектен асқан жағдайлар туралы деректерді Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімінің (ЕРАП) өңдеу орталығына жібереді.

Жалпы, елімізде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 2025 жылғы 17 наурыздан бастап қолданыла бастады. Жаңа төрт учаске қосылғанға дейін жүйе жалпы ұзындығы 3 мың шақырымға жуық 11 ақылы жол учаскесін қамтыған.

Жаңа бағыттар қосылғаннан кейін орташа жылдамдықты бақылау 15 учаскеде жүзеге асырылады.

Бұған дейін Абай облысындағы бейнекамера жүргізушілерге заңсыз айыппұл тіркеп келгені туралы жазған болатынбыз.

Көп оқылғандар