Сурет: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Нарендра Моди БРИКС саммитіне қатысқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бастамалар мен ұсыныстардың өзектілігіне назар аударды. Үндістан Премьер-министрі Қазақстанмен достыққа және өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын жеткізді.
Көшбасшылар екіжақты күн тәртібіндегі нақты мәселелерді, соның ішінде энергетика, цифрландыру, білім және туризм салаларындағы ынтымақтастық жолдарын талқылады.
Нарендра Модидің айтуынша, екі елдің жоғары технология және креативті индустрия бағыттарындағы әлеуеті мол. Осы орайда, Astana Hub және Хайдарабад технологиялық экожүйелері арасындағы серіктестіктің келешегі зор.
Үндістан Премьер-министрі Қазақстанның өкілдерін, әсіресе, жастарды келесі жылы Мумбайда өтетін WAVES Креативті индустрия саммитіне қатысуға шақырды.
Тараптар үнді елі мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЕАЭО Төрағасы ретінде ұйым мен Үндістан арасында еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөздер жүргізуді құптайтынын және оны ілгерілетуге ықпал етуге дайын екенін айтты.
Мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модиді БРИКС саммитінің табысты өтуімен құттықтап, халықаралық ауқымдағы іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын жеткізді.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде «БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі. Мемлекет басшысы трансшекаралық инфрақұрылымға төнген қауіп-қатердің ұлғая түсуін тағы бір күрделі проблема ретінде атады.
