Әлем

Таиландта визасыз болу мерзімі 60 күннен 30 күнге қысқарады

Сурет: istockphoto.com

15 қыркүйектен бастап Қазақстан азаматтары Таиландта визасыз 60 емес, 30 күн ғана бола алады. Бұл туралы Қазақстанның Таиландтағы елшілігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Таиланд үкіметі бұрын берілген жеңілдікті алып тастап, екі ел арасындағы негізгі үкіметаралық келісімге қайта оралды. Осыған сәйкес, қазақстандықтар ұлттық паспортпен Таиланд аумағында визасыз 30 күнге дейін жүре алады.

Сонымен қатар шетелдіктердің Таиландқа бірнеше рет кіруіне қатысты шектеулер жаңарады. Кез келген 180 күндік кезеңде елде болудың жалпы ұзақтығы 90 күннен аспауға тиіс. Бұл шара заңсыз еңбек көші-қонын және елден уақытша шығып, қайта кіру арқылы болу мерзімін ұзартуға негізделген «виза-рандар» тәжірибесін шектеуге бағытталған.

Қазақстанның Таиландтағы елшілігі азаматтарға жаңа талаптарды ескеріп, сапарларын алдын ала жоспарлауды ұсынды. Егер елде болу мерзімі 30 күннен асатын болса, тиісті туристік немесе ұзақ мерзімді визаны алдын ала рәсімдеу қажет.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ соты Қазақстанға қатысты иммиграциялық виза шектеуін алып тастаған болатын.

Көп оқылғандар