Сурет: Бас прокуратура
Қазақстанда Еуропалық жария құқық ұйымының (EPLO) өңірлік орталығы құрылмақ. Бұл туралы Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіровтің Грекияға жұмыс сапары барысында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясында белгілі болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа орталық Академия базасында жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті – құқық қорғау және мемлекеттік органдар қызметкерлерін даярлау мен қайта даярлау, сондай-ақ халықаралық және гранттық жобаларды жүзеге асыру.
Орталық аясында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық жобаларға қатысу және құқық саласында тәжірибе алмасу жоспарланған. Ынтымақтастықтың басты бағыттары – киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні қолдану және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл.
Сонымен қатар Академия Еуропалық құқық және басқару университетімен (ELGU) ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Тараптар қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу, академиялық ұтқырлық пен тағылымдамаларды ұйымдастыру жөнінде уағдаласты.
«Академияның 20 магистранты мен докторантын тағылымдамадан өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар тараптар бірлескен зерттеу топтарын құру және Академия базасында ELGU филиалын ашу мүмкіндігін қарастырды», делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Бұған дейін Бас прокуратура Қазақстанда қылмыс деңгейі 10%-ға төмендегенін хабарлаған болатын.
