Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қазақстандық «Шаңырақ» және «Унисон» анимациялық фильмдері Бішкекте өткен Toondook International Animation Festival халықаралық анимациялық кино фестивалінде жүлдегер атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Орталық Азияның үздік қысқаметражды анимациялық фильмі» аталымында «Шаңырақ» бірінші орынды иеленсе, «Унисон» үшінші орынға тұрақтады. Екі туынды да Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінде түсірілген.
Мультфильмдердің режиссерлері – Мадина Тәжбағамбетова мен Мансұр Айымбетов. «Шаңырақ» мультфильмінде киіз үй тігу оқиғасы негізінде ауызбіршілік пен бір-біріне қолдау көрсетудің маңызы бейнеленген. Ал «Унисон» туындысында ержүрек жауынгер қызға деген махаббат пен сезім жолындағы таңдау мәселесі қозғалады.
Қазақстандық мультфильмдердің халықаралық фестивальдегі жетістігі отандық анимацияның шығармашылық әлеуетін танытып, туындыларымыздың шетелдік көрерменге жол тартуына мүмкіндік береді.
