Сурет: «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ
1 маусым мен 31 тамыз аралығында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 28 ақылы учаскесінен 25 818 167 көлік жүріп өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ мәліметінше, жаздың үш айында тәулігіне орта есеппен 281 мыңға жуық көлік қозғалған.
Ең көп көлік Алматы мен Қонаев арасындағы бағытта тіркелді – үш айда 4,3 млн-нан астам. Екінші орында Шымкент – Өзбекстан Республикасы шекарасы бағыты (2,68 млн көлік), үшінші орында Шымкент – Тараз учаскесі (1,87 млн көлік).
Сондай-ақ Тараз – Қайнар, Астана – Теміртау, Астана – Щучье, Шымкент – Қызылорда және Қонаев – Талдықорған бағыттарында да көлік көп жүрген. Сұраныс жоғары он учаскенің өзінде 18,2 млн-нан астам көлік өткен, бұл ақылы жолдар желісіндегі жазғы трафиктің шамамен 71%-ы.
Қазіргі уақытта Алматы – Қонаев, Астана – Щучье, Щучье – Көкшетау, Қарағанды – Балқаш, Қызылорда – Арал, Үшарал – Достық және басқа да бағыттар ішкі туризмнің маңызды көлік арналарына айналып келеді.
Автотуризмді дамытуға ықпал ететін басты фактор – сапалы жол мен инфрақұрылым. Осы бағытта «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ауқымды жұмыстарды жалғастырып келеді: республикалық маңызы бар автомобиль жолдары салынып, қайта жаңартылып, жөнделіп жатыр.
Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – жол бойындағы сервисті дамыту. Бүгінде үлкен жолдардың бойында 1 500-ге жуық жол бойындағы сервис нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында жанармай құю бекеттері, тамақтану орындары, қонақүйлер, демалыс орындары, санитарлық нысандар, жүргізушілер мен жолаушыларға арналған өзге де қызмет түрлері бар.
Сонымен қатар жол инфрақұрылымы электр көліктерінің дамуына қарай кезең-кезеңімен бейімделіп келеді. Қазіргі уақытта республикалық автожолдар бойында электромобильдерге арналған 60-тан астам электр қуаттау бекеті жұмыс істейді.
Жол сапасы – ел экономикасының ғана емес, мәдениетінің де көрсеткіші. Саяхатшылардың қызығушылығын тудырған Маңғыстауда автокөлік жолдарын жақсарту – басты мәселелердің бірі. Осыған байланысты «Таушық – Шетпе» жолы жөнделіп жатыр.
