Сурет: ашық дереккөзден
«Өрлеу» бағдарламасы, екінші деңгейлі банктермен бірлескен арнайы кепілдік қоры және өңірлердегі мобильді қолдау орталықтары жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген отандық бизнестің мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Үкімет кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға қажетті жағдайлар жасады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
«Біздің міндетіміз – бизнеске өнімді ел ішінде өндіру тиімді болатын жағдай жасау. Біз кәсіпкерді белгілі бір тауарды шығаруға мәжбүрлей алмаймыз. Ол өндірісті дамытуға қажетті жағдайлар жасалған кезде ғана инвестиция салады», деді Серік Жұманғарин.
Кәсіпкерлікті ынталандыру мақсатында жұмыспен қамтуды, әсіресе әйелдер арасындағы жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі кешенді жоспар пысықталып жатыр.
Шағын және орта бизнесті қолдау үшін қаржыландырудың көпдеңгейлі жүйесі енгізілді. Оның ішінде 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «Өрлеу» бағдарламасы бар.
Кепіл мүлкіне қатысты мәселелерді шешу үшін «Бәйтерек» холдингіне кіретін «Даму» қорының базасында екінші деңгейлі банктермен бірлесіп арнайы кепілдік қоры құрылды. Сонымен қатар өңірлерде кәсіпкерлерге қолдау көрсететін мобильді орталықтар жұмыс істейді.
Азық-түлік қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылып отыр.
Майлы дақылдар егілетін алқаптардың көлемі 5,2 млн гектарға дейін ұлғайтылды. Күнбағыс майының өндірісі 1 млн тоннаға жақындап, Қазақстан осы өнім мен күнжараны экспорттайтын әлемдегі жетекші елдердің қатарына қосылды.
Қазақстан 2028 жылға қарай май өнімдерінің экспортын 1,5 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр
Осындай шаралар қант саласында да қолға алынған. Қолданыстағы зауыттар жаңғыртылып, ішкі нарықты толық қамтамасыз ету мақсатында жылдық қуаты 250 мың тонна болатын жаңа кәсіпорын салынуда.
