Сурет: Egemen Qazaqstan
Баласағұн атындағы орталық концерт залында ақын Серік Томановтың 70 жылдығына орай «Құс қанат ғұмыр» атты еске алу кеші ұйымдастырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Әдеби кешке елімізге танымал қаламгерлер қатысып, ақын мұрасы жайында әңгіме қозғады. Талас топырағында дүниеге келген шайыр туралы естеліктер айтылды. Сондай-ақ ақынның «Құс қанат – менің ғұмырым» жыр жинағының тұсаукесері өтіп, шығармалары бойынша поэзиялық композиция ұсынылды.
Іс-шараға қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қазақ поэзиясында өшпес із қалдырған Серік Томановтың есімін жаңғырту жұмыстары жалғасатынын айтты.
– Серік Томанов – Таластан шығып, Алаштың ақынына айналды. Өмірін өлеңге арнады. Ақын жырларына қоғам шындығын арқау етіп, адам болмысы мен өмір философиясын терең толғады. «Адасып жүрген ақбөкен едім», «Пәруана», «Жұлдыздан терем өлеңді» секілді жыр жинақтары оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Шынайы шығармашылықпен айналысып, бар ғұмырын жазуға арнады. Тағдырдың талай сынына өлеңімен жауап беріп, ағысқа қарсы жүзді. Бүгінде ақынды замандастары ғана емес, кейінгі жас буын да сағынышпен еске алып, өлеңдерін оқып, шығармашылығын құрметтейді, – деді Е. Қарашөкеев өз сөзінде.
Кеш барысында облыс басшысы ақынның жары Бибігүл Оразбаеваға құрмет көрсетіп, естелік сыйлық табыстады. Сондай-ақ «Құс қанат ғұмыр» атты республикалық мүшәйра жеңімпаздары марапатталды.
Қазылар алқасының шешімімен «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Табиғат Мұсылманқұл І орынға лайық деп танылса, ІІ орын алматылық Нұртас Тұрғанбекке, ІІІ орын астаналық Олжас Сәндібекке, Серік ақынның отбасы тағайындаған арнайы жүлде тараздық Арайлы Жақсылыққа бұйырды.
Ақын аты ардақталған кеште Секеңнің жары Бибігүл Оразбаева, белгілі қаламгерлер Маралтай Райымбекұлы, Қазыбек Иса және Көсемәлі Сәттібайұлы сөз сөйлеп, ақын мұрасы туралы сыр шертті. Әдеби-сазды іс-шара Мейрамбек Беспаевтың орындауындағы «Құс қанат ғұмыр» әнімен түйінделді.
