Сурет: Видеодан скрин
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтып, кінәлілер жауапкершіліктен құтылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Отбасылардың қайғысын түсінемін. Қоғамның бізге қойып отырған талап, сұрақтарын да түсінемін. Біз жауапкершіліктен жалтармаймыз. Ата-аналардың өз ұлдарын бізге сеніп тапсырғанын, ал бүгін орны толмас қазаға ұшырап отырғанын жеткізу маған да өте ауыр тиіп отыр. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Осы жағдайға байланысты кінәлі адамдар жауапқа тартылатын болады. Қара жамылған отбасылармен үнемі байланыстамыз. Оларға барлық қажетті көмекті көрсетіп жатырмыз. Қаза тапқан әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының және қоғам алдындағы міндетімізді түсінеміз. Арыстай азаматтарынан, ұлдарынан айырылған әр отбасының қайғысына ортақпын», деді министр.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылатын болады.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жаттығу кезінде болды. Ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен 17 әскери қызметші теңізде із-түзсіз жоғалып кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Аман қалған сарбаздардың бірі Ақжол Темірәлиев есін жиды. Президент қайғылы оқиғаға байланысты 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге бөлетінін мәлімдеп, қайтыс болғандардың жақындарына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ Halyk қоры қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 25 млн теңге бөлетінін хабарлады. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұжымы да қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.
Бұған дейін әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 5 жауапты лауазымды тұлға ұсталды. Бұл туралы ІІМ мәлімдеді.
