Сурет: Үкімет
Үкімет отырысында жылу беру маусымында тұрмыстық газ баллондарын пайдалану қауіпсіздігі мәселесі қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктерге жергілікті жерлерде газ баллондарын жаңарту мен айналымнан алуды бақылауды тапсырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Өткен жылу беру маусымында газ баллондарының жарылуына байланысты 7 оқиға тіркелген. Негізгі себеп – пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы.
«Бүгінде 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны 40-50 жылдан бері пайдаланылып келеді. Оларды шұғыл ауыстыру қажет. Өнеркәсіп министрлігіне баллондар өндірісін жолға қою тапсырылған болатын. Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында осындай зауыт іске қосылды. Алдағы уақытта Атырау және Алматы қалаларында да ашу көзделіп отыр. Ендігі кезекте жеке тұрғын үйлермен қатар, тамақтану орындарында да газ баллондарын ауыстыру жұмыстарын жолға қою керек», деп атап өтті Премьер-министр.
Сондай-ақ тұрмыстық баллондарды айналымнан алып, кәдеге жарату тәртібін реттеу қажеттілігіне назар аударылды.
«Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде барлық өңірлердегі қолданыстағы газ баллондарын жаңарту мен айналымнан алудың, сондай-ақ бақылаудың нақты тетігін әзірлеуді тапсырамын. Әкімдіктер бұл жұмыстың жергілікті жерлерде іске асырылуын бақылауға алсын», деп атап өтті Премьер-министр.
Еске салайық, 27 ақпанға қараған түні Щучинскідегі дәмханада газ баллоны жарылып, салдарынан 12 адам қаза тапты. Наурызда кафе иесі, сәуірде АГҚС директоры мен газ баллондарын жеткізуші ұсталды. Осы жарылысқа қатысты іс бойынша үш адамға сот үкімі шықты.
Сондай-ақ Павлодар облысы Ақсу қаласында газ баллоны жарылып, үш адам зардап шекті. Қайғылы оқиға жекеменшік тұрғын үйлердің бірінде болған.
Мазмұнға өту
