Сурет: «Самұрық-Қазына» АҚ
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов ұсталғаннан кейін қор өз қызметін штаттық режимде жалғастырып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Қордың хабарлауынша, инвестициялық жобалар мен стратегиялық бағдарламалар бекітілген жоспарға сай іске асырылуда. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы институттары және іскерлік серіктестер алдындағы барлық міндеттемелерін бұрынғыдай орындайтынын жеткізді.
«Қор қаржылық және институционалдық тұрақтылығын сақтап, стратегиялық қызметтерді орындауды жалғастыруда әрі қазақстандық және халықаралық инвесторлар үшін сенімді серіктес болып қала береді», делінген хабарламада.
Еске салайық, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 11 қарашада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің, сондай-ақ өзге де адамдардың ұсталғанын растады. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. ҰҚК бұл бағыттағы жұмыстың «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау аясында жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет басшысының Алматыда ЖЭО-3-ті жаңғырту жұмысын аяқтауға қатысты сынынан кейін «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов қызметінен босатылды. Оның орнына «Самұрық-Энерго» АҚ инвестициялар жөніндегі бас директоры қызметтерін атқарған Аңсар Айдаров тағайындалды.
Мазмұнға өту
