Қаржы

Мұнай саласындағы заңбұзушылықтан бюджетке 3,3 млрд теңге түсті

Сурет: ашық дереккөз

«Кеңқияқ – Құмкөл» және «Атасу – Алашанкоу» магистральдық құбырлары арқылы мұнай тасымалдау кезінде салық заңнамасының бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бас прокуратураның мәліметінше, технологиялық ерекшеліктер мен өлшеу қателерінен пайда болған мұнай артығы бухгалтерлік есепте толық көрсетілмеген. Салдарынан активтер құны төмендеп, салық міндеттемелері тиісті деңгейде орындалмаған.

Бас көлік прокуратурасының ұсынуымен Энергетика министрлігі мүдделі органдармен бірлесіп бұзушылықтарды жойды. Түгендеу қорытындысы бойынша бухгалтерлік есепке 92 мың тоннадан астам мұнай қосылды. Салық есептілігіне түзетулер енгізіліп, 2,9 млрд теңге корпоративтік табыс салығы есептелді. Сондай-ақ мүлік салығы бойынша өсімпұлды қосқанда 300 млн теңгеден астам қаржы бюджетке түсті.

Магистральдық құбыр көлігіндегі заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.

Көп оқылғандар