Сурет: Жайық Пресс
Оралда цифрландыру және ақпараттық технологиялар күніне орай DIGITAL AQJAIYQ 2026 өңірлік форумы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Атамекен» өнер орталығының холлында ұйымдастырылған көрмеде форумға қатысушылар жетекші компаниялар мен отандық стартаптардың инновациялық әзірлемелерімен танысып қана қоймай, кейбіреуін іс жүзінде сынап көру мүмкіндігіне ие болды. Batys hub ұйымы Батыс Қазақстан облысының цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп өткізген Ai West Battle байқауында жасанды интеллект қолданып жасалған үздік он MVP жобасы таныстырылды.
Әзірлеушілер жобаларының қай кезеңде екенін, оларды қалай кеңейтетінін айтып, сарапшылар алқасының сұрақтарына жауап берді. Байқау үздік үш жұмысты анықтап қолдауға, сондай-ақ IT-шешімдерді әзірлеушілерге өз идеяларын әлеуетті инвесторларға, венчурлық қорларға және ірі бизнес өкілдеріне тікелей көрсетуге мүмкіндік беретін тиімді платформа құруға бағытталды.
Vibe Coding Workshop бағдарламалау шеберханасында тренерлер ең аз тәжірибемен жасанды интеллект көмегімен жеңілдетілген код жазу форматын пайдаланып, қысқа уақытта MVP жасау жолдарын көрсетті. Жекелеген сессияларда өңірді цифрландырудың стратегиялық бағыттары, экономиканың түрлі секторларында мемлекет қолдайтын инвестжобаларды тиімді мониторингілеу тетіктері қарастырылды.
Бүгінде цифрлық трансформация мен жасанды интеллект жеке салалық бастама ретінде емес, болашақ экономикалық және мемлекеттік басқару моделінің негізі ретінде айқындалады. БҚО әкімі аппаратының басшысы Нұрділда Ораз атап өткендей, мемлекеттік жобалық басқару стратегиялық мақсаттарды табысты жүзеге асырудың, ресурстарды оңтайлы бөлудің және мемлекеттік аппарат жұмысының жеделдігін арттырудың басты құралына айналды. Ал жүйені ауқымды цифрландыру жұмыс тиімділігін мүлде жаңа деңгейге көтереді.
Жиынға қатысушылар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, цифрлық экономиканы дамытуға, цифрлық теңгені енгізуге бағытталған жасыл цифрландыру саласындағы жобалардың іске асырылуын талқылады.
Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде жасанды интеллектті салалық біліммен ұштастыратын және өңірдің өнеркәсіп, энергетика, көлік, қауіпсіздік, медицина, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және ауыл шаруашылығы салаларындағы өзекті міндеттерін шешуге бағытталған AI+X моделі енгізілген. Жоғары оқу орны мамандарының қолданбалы әзірлемелері қатарында ұшқышсыз ұшу аппараттары, автономды AI-агенттер, цифрлық аватарлар және интерактивті ақпараттық киоскілер саласындағы технологиялық шешімдер бар.
Көрмеде ұсынылған жобалардың бірі – ауыл шаруашылығы алқаптарын интеллектуалды мониторингілеуге арналған AgroVision. Аэрофотосурет деректері мен компьютерлік көру әдістерін пайдаланатын технология егіс алқаптарының проблемалық учаскелерін ерте кезеңде анықтап, агрономдарға шешім қабылдауға көмектеседі.
Мазмұнға өту
