Ақорда

Астанада келесі жылы шетелдік университеттер кампустары ашылады

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы халықаралық ұйымдар мен жетекші шетелдік университеттер басшыларымен дөңгелек үстелде кездесіп, трансформациялау үшін білікті мамандар даярлауды өзекті бағыт деп атады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент Қазақстан «Халықтық құрылыс» бастамасын іске асырып жатқанын, оның аясында энергетика, көлік, су шаруашылығы және цифрлық нысандарды қамтитын ұлттық инфрақұрылымды жаңғырту жүретінін айтты. Ол инженерлер мен техникалық мамандардың, зерттеушілердің жаңа буынын даярлау қажеттігін жеткізді.

«Бұрын-соңды болмаған ауқымды міндетті іске асыру үшін инженерлердің, техникалық мамандар мен зерттеушілердің жаңа буынын даярлау керек. Серіктестерімізді аталған басым бағыттар бойынша кадр даярлау және қолданбалы зерттеулер жүргізу ісіне атсалысуға шақырамыз», деді Мемлекет басшысы.

Президент жасанды интеллектіні енгізу бағдарлама сатып алумен шектелмейтінін, заманауи оқу бағдарламаларын, оқытушылар құрамын даярлау, сенімді цифрлық инфрақұрылым құру және ЖИ-ді жауапкершілікпен пайдалану қағидаттарын әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы алдағы уақытта Астанада бірқатар кампус іске қосылатынын, Мәскеу халықаралық қатынастар институты мен Кардифф университеті мысал ретінде аталғанын хабарлады. Елордада немесе өңірлерде филиал ашқысы келетін кез келген университетке қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Ең алдымен біз нақты инфрақұрылым қалыптастырамыз, яғни университеттерге қажетті кампустар саламыз. Мәскеу халықаралық қатынастар институтын, сондай-ақ Кардифф университетін өте жақсы мысал ретінде атап өттік. Келесі жылы Астанада бірқатар кампусты іске қосамыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дөңгелек үстелде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкунов, Солтүстік Қытай су ресурстары және электр энергетикасы университетінің президенті Лю Цзюньго, Кардифф университетінің президенті Ларнер Венди, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Ынджу, Үрімжі кәсіби университетінің президенті Гэ Чэнгуан, Анхальт университетінің президенті Йорг Багдан, Гази университетінің ректоры Угур Унал және Ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко сөз сөйледі.

Көп оқылғандар