Ақорда

Тоқаев Үкіметке жемқорлыққа қарсы ұсыныс әзірлеуді тапсырды

Сурет: Aikyn.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен бақылаушы органдарға сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту жөнінде ұсыныс дайындауды тапсырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің айтуынша, жоғары лауазым жоғары жауапкершілікті талап етеді. Ешкім де лауазымына, еңбегіне немесе туыстық байланыстарына қарамастан заңнан аттап кете алмайды. Бұл – ол үшін мызғымайтын ұстаным.

«Осы орайда, Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде маған ұсыныс берсін», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге кедергі жасау ниеті жоқ екенін атап өтті. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге тағы үш жылдық мораторий жариялау туралы тапсырма берілгенін еске салды.

Сонымен қатар Президент «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының аппараты мен мемлекеттік компаниялардың, оның ішінде «Қазақстан темір жолының» жұмысы тоқтамайтынын мәлімдеді. Жемқорлыққа қарсы күрес инвесторлар мен несие берушілердің сенімін арттырады деп санайды.

Бас прокуратура жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын заңсыз иемденген активтерді қайтарғанын еске салды. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына жұмсалды. Қазіргі таңда 383 нысан, соның ішінде медициналық мекемелер, сумен жабдықтау желілері, мектептер, спорт кешендері салынып бітті.

Көп оқылғандар