Қоғам

Көлік министрі балалар арбасын автобуста тасымалдау ережелерін қайта қарайды

Сурет: Depositphotos.com

Көлік министрі Әсел Жанасова қоғамдық көлікте балалар арбасын тасымалдау ережелерін қайта қарау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, ешкім кішкентай баласымен автобусқа мінген ата-ананы арбаны жинауға немесе автобустан түсуге мәжбүрлемеуі керек. Ол қоғамдық көліктің балаларымен бірге жүретін отбасылар үшін қолайлы әрі қолжетімді болуы маңызды екенін атап өтті.

«Ата-аналардан келіп түскен өтініштер мен сұрақтарды ескере отырып, ережелердегі екіұшты түсіндірмелерді болдырмау, жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті талаптарды қайта қарау туралы шешім қабылдадым», деп жазды министр.

Бұған дейін Көлік министрлігі жолаушыларды тасымалдаудың қолданыстағы ережелері ата-аналарға балалар арбасымен автобусқа мінуге тыйым салмайтынын түсіндірген болатын. Ведомство автобус қатты толған жағдайда, ата-анаға отыруға арналған бос орын болған кезде балалар арбасын бүктеп тасымалдау қарастырылғанын, сонымен қатар арба салондағы басқа жолаушылардың қозғалысына кедергі келтірмеуі тиіс екенін хабарлаған.

Сондай-ақ ведомство өкілдері арбаны бүктеуден бас тартқаны үшін айыппұл салу, жолаушыны автобустан түсіру немесе басқа да жаза қолдану қарастырылмағанын атап өтті.

Көп оқылғандар