Сурет: ашық дереккөз
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 575 мыңнан астам адам тіркелген, оның ішінде 30 987-ден астам адам 1-типті қант диабетімен ауырады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
ДДҰ мәліметінше, әлемде 800 миллионнан астам ересек адам қант диабетімен өмір сүреді. 1990 жылдан бері бұл ауруға шалдыққандар саны төрт еседен астам өскен.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, диабетпен ауыратын пациенттерге тиімді медициналық көмек көрсету үшін ауруды ерте анықтайтын скринингтік бағдарламалар кеңейтіліп, семіздіктің алдын алу және зиянды өнімдерді тұтынуды шектеу шаралары күшейтілді. Сондай-ақ мамандандырылған құзырет орталықтары ашылды.
Скрининг аясында екі жылда бір рет гликирленген гемоглобин, триглицеридтер және тығыздығы төмен липопротеидтер деңгейін анықтайтын зерттеулер жүргізіледі. 2026 жылдың тоғыз айында мұндай тексерулерден 1,6 миллионнан астам адам өтіп, аурудың 32 342 жағдайы анықталды. Анықталған пациенттердің шамамен 95%-ы тұрақты медициналық бақылауға алынды.
Мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Қазақстанда Республикалық эндокринология және диабет бойынша құзырет орталығы және оның Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ақтөбе облыстарындағы филиалдары құрылды. 2027 жылдың соңына дейін мұндай орталықтарды еліміздің барлық өңірінде ашу жоспарланып отыр.
Емханалар жанындағы «Қант диабеті мектептерінің» желісі де кеңейтілуде. Онда пациенттер қандағы қант деңгейін бақылауды, дәрігерлердің ұсынымдарын орындауды және аурудың асқынуының алдын алуды үйренеді. Осы диагнозы бар әрбір пациент емхана арқылы тегін консультация алуға, өзі тіркелген учаскеде тұрақты медициналық бақылауда болуға және асқынулар туындаған жағдайда мамандандырылған медициналық көмек алуға құқылы.
«2026 жылы МӘМС қаражатының есебінен жалпы сомасы 60,46 млрд теңгеге 50-ден астам атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сатып алынды. Препараттарды медициналық ұйымдарға жеткізу 2026 жылғы қаңтардан бастап бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылып жатыр», делінген министрліктің хабарламасында.
Айта кетейік, бүгін, 14 қарашада Дүниежүзілік диабетпен күрес күні атап өтіледі. Бұл күн 1922 жылы Чарльз Бестпен бірге инсулинді ашқан сэр Фредерик Бантингтің туған күніне орай белгіленген. Қант диабеті – қандағы глюкоза деңгейінің жоғарылауымен сипатталатын созылмалы эндокриндік ауру. Қандағы қант мөлшері ұйқы безі өндіретін инсулин гормоны арқылы реттеледі. Диабет кезінде организм инсулинді жеткілікті мөлшерде өндірмейді немесе оны тиімді пайдалана алмайды. Ауру кез келген жаста пайда болуы мүмкін және жүрек, бүйрек, көз бен нерв жүйесін зақымдайтын ауыр асқынуларға әкелуі ықтимал.
Еске салайық, қант диабеті мен ЦСА әлеуметтік мәні бар аурулар тізімінен шығарылды.
Мазмұнға өту
