Қаржы

Қазақстанда энергетика мен AI саласында халықаралық R&D орталықтары ашылады

Сурет: Egemen Qazaqstan

AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумында энергетика, жасанды интеллект және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамытуға арналған үш құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Энергетика министрлігі отын-энергетика кешенінің ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытып, инновациялар мен озық технологияларды енгізу бағытында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде. Бұл істе Технологиялық салалық құзырет орталығы (СТҚО) маңызды рөл атқарады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында Қытайдың жетекші ғылыми-технологиялық серіктестерімен бірлескен R&D орталықтарын құру бастамалары жүзеге асырылуда.

Power China Chengdu Engineering Corporation Limited компаниясымен баламалы және жаңартылатын энергетика саласында бірлескен R&D орталығын құру жоспарланған. Ол қолданбалы зерттеулер жүргізуге, инновациялық энергетикалық технологияларды әзірлеуге және енгізуге, бірлескен ғылыми-техникалық жобаларды іске асыруға және білікті мамандар даярлауға бағытталады.

Fudan University-мен бірлесіп ҚазҰУ базасында қолданбалы жасанды интеллект бойынша Қазақстан-Қытай R&D орталығын құру көзделген. Орталық энергетика, өнеркәсіп, мұнай-газ секторы мен көлік саласында AI-шешімдерді әзірлеуге, бейімдеуге, сынақтан өткізуге және практикалық енгізуге бағытталады.

Dominor Partners Limited ғылыми әзірлемелерді экономиканың практикалық міндеттерімен байланыстыратын стратегиялық индустриялық серіктес ретінде қатысады.

Shenzhen EAGET Innovation Technology Co., Ltd. компаниясымен цифрлық деректерді сақтау технологиялары саласында бірлескен R&D орталығын құру жоспарлануда. Ынтымақтастық қолданбалы зерттеулер мен әзірлемелер жүргізуге, деректерді сақтау технологияларын әзірлеуге және енгізуге, бірлескен ғылыми-техникалық жобаларды іске асыруға және заманауи цифрлық инфрақұрылым саласындағы құзыреттерді дамытуға бағытталған.

Энергетика министрлігі энергетика саласындағы осы бастамаларды дамыту жұмысын үйлестіріп, ғылыми қоғамдастықпен, халықаралық технологиялық серіктестермен және салалық ұйымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді. СТҚО салалық технологиялық кооперацияны қамтамасыз етіп, қолданбалы шешімдерді одан әрі пилоттық сынақтан өткізуге және енгізуге ықпал етеді.

Бастамаларды іске асыру отандық ғылыми-технологиялық әлеуетті дамытуға, озық технологиялар трансферіне, жоғары білікті кадрлар даярлауға және Қазақстанның отын-энергетика кешеніне инновациялық шешімдерді практикалық енгізу үшін жағдай жасауға бағытталған.

Көп оқылғандар