Сурет: gov.kz
Sofreh Capital компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Шервин Пишевар Қазақстанда кеңселер ашып, командасының бір бөлігін елге көшіруді және отандық болашаққа инвестиция құюды көздеп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясындағы THE NEW ECONOMY: POWERED BY AI сессиясында айтты. Шервин Пишевар Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту перспективаларын талқылай отырып, елдегі инженерлік кадрлардың, инновацияларды мемлекеттік қолдаудың және ресурстық базаның үйлесімін ерекше атап өтті.
«Сіздерде бөлісуге болатын нақты кейстер мен мысалдар бар. Мысалы, Higgsfield-ті алайық. Бұл Қазақстанды алдыңғы қатарға шығарып, қазақстандықтардың инженерлік әлеуетін көрсеткен мысал. Миллиардтаған доллар көлеміндегі көрсеткіштердің өзі сіздерде зор инженерлік әлеует бар екенін аңғартады. Мұны мақтан тұту керек», деді ол.
Инвестордың пайымдауынша, Қазақстанда AI экономикасын дамытуға ықпал ететін бірқатар фактор бар.
«Сіздерде таланттар, инженерлік кадрлар, инновациялар мен жаңашылдықты қолдайтын мемлекет, сондай-ақ AI экономикасын дамытуға қажетті ресурстар бар. Сіздерде ғарыш өнеркәсібіне қажетті минералдардың барлығы бар, спутниктер, атом инфрақұрылымы, Higgsfield бар. Сондықтан мен Қазақстанда кеңселер ашып, компанияны осында көшіріп, елдің болашағына инвестиция сала бастағым келеді», деді Шервин Пишевар.
Ол технологиялық экожүйенің қалыптасуын Кремний алқабының дамуымен салыстырып, уақыт өте келе оның артықшылықтары көбіне материалдық емес сипатқа ие болып, жинақталған білім мен құзыреттерге байланысты қалыптасқанын атап өтті.
Бұл мәлімдеме Қазақстанның AI инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланып жатқан тұста айтылды. Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан AI экономикасының энергетикалық және чиптік инфрақұрылымнан бастап, өздерінің тілдік модельдері мен қолданбалы шешімдеріне дейінгі барлық бес деңгейін жүйелі түрде дамытуды көздеп отырғанын айтты.
Ал «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин есептеу қуаттарын экспорттау мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, дата-орталықтарды дамыту және технологиялық компаниялармен әріптестік Қазақстанда AI экономикасының жаңа бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумының екінші күні басталды. Бұл – Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылының басты халықаралық іс-шарасы.
