Қоғам

ТЖМ гаджеттерді түнде қуаттаудың қауіпті екенін ескертті

Сурет: Төтенше жағдайлар министрлігі

Төтенше жағдайлар министрлігі телефон, планшет және өзге де электрондық құрылғыларды, әсіресе түнгі уақытта, ұзақ уақыт бойы қараусыз қуаттау қауіпті екенін ескертті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ведомствоның мәліметінше, ақауы бар немесе сымы зақымдалған қуаттағышты смартфонға ұзақ уақыт қосып қою қызып кетуге және өртке әкелуі мүмкін. Гаджеттерді төсек, диван, жастық немесе көрпе үстінде қуаттау аса қауіпті.

«Егер ақауы бар немесе сымы зақымдалған қуаттағышты смартфонға ұзақ уақыт қосып қойсаңыз ол қызып, өрт шығуы мүмкін. Гаджеттерді төсек, диван, жастық немесе көрпе үстінде қуаттау өте қауіпті», делінген хабарламада.

Мамандар смартфон қуат алып жатқанда оны перде, қағаз және басқа да тез тұтанатын заттардан алыс ұстау қажеттігін айтады. Тек жарамды әрі сапалы қуаттағыштарды пайдаланып, зақымдалған кабельдер мен ақауы бар қуаттағыштарды қолданбауға кеңес береді.

«ТЖМ мамандары тек жарамды әрі сапалы қуаттағыштарды пайдаланып, зақымдалған кабельдер мен ақау бар қуаттағыштарды қолданбауға кеңес береді. Гаджетті қуаттаған соң, адаптерді электр желісінен ажырату қажет. Смартфонды ұзақ уақыт бойы қараусыз қуаттауға болмайды», деп хабарлады министрлік.

Министрліктің мәліметінше, түнде адам құрылғының қызып кеткенін байқамауы мүмкін. Сондықтан гаджет қызып кетсе, одан өрт шығуы ықтимал.

«ТЖМ өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтап, қуат алып жатқан гаджеттерді қараусыз қалдырмауға шақырады. Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарласыңыз!», деді мамандар.

Гаджеттің адамның денсаулығы мен өміріне зияны туралы Мемлекет басшысы да үнемі айтып келеді. Ол жақында БАҚ өкілдеріне сұхбатында еліміздегі цифрландыру және жасанды интеллектіге қатысты сұраққа жауап бере келіп, смартфонның ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа телміретін құрал емес екенін ескерткен болатын.

Көп оқылғандар