Әлем

OpenAI бұрынғы инженері тыңшылық күдігімен ұсталды

Сурет: OpenAI

АҚШ-та OpenAI компаниясының бұрынғы инженері өнеркәсіптік тыңшылық жасады деген айыппен қамауға алынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тергеу деректері бойынша, ол компанияның конференц-залына жасырын тыңдау құрылғысын орнатып, басшылықтың әңгімелерін жазып алған.

АҚШ Әділет министрлігінің мәліметінше, күдікті – Сауд Арабиясының 35 жастағы азаматы. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол құрылғыны баптап, жазылған келіссөздерді шифрлау үшін чат-боттарды пайдаланған.

OpenAI мамандары құрылғының қайдан шыққанын компанияның жасанды интеллект модельдерінің көмегімен анықтаған. АҚШ билігі бұл оқиғаны ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп бағалады.

Елдің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, күдіктіге бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 250 мың доллар айыппұл салынуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та ЖИ саласының өкілдері машиналық интеллектінің бақылаудан шығып кету қаупі бар екенін ескертіп, шектеу енгізуді ұсынды. Осы мәлімдемелерден кейін әлемдік IT компанияларының акциялары күрт құлдыраған еді. Оқиғаға байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп пікір білдіріп, жасанды интеллектіге қатаң шектеу қоюға қарсы екенін мәлімдеді.

Көп оқылғандар