Жайық news

Оралда әскерге шақырылушыларды Алматыға шығарып салды

Сурет: Жайық Пресс

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы тұрғындарын мерзімді әскери қызметке шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Салтанат Жеңіс алаңында Мәңгілік алау стеласының жанында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі бастамашылық еткен «Сарбаз жолы» жаңа әскери дәстүрі аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Сонымен қатар шығарып салу рәсімінде өңір басшылығының өкілдері, әскери қызметшілер, ардагерлер, қоғам қайраткерлері, жақындары мен туыстары болды.

Облыстың жас тұрғындары Алматыда орналасқан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде мерзімді қызмет өткеруге жіберілуде.

Әскерге шақырылушыларға сөз сөйлеген Нариман Төреғалиев оларға әскери жолды лайықты өтіп, борышын абыроймен орындап, үйге сау-саламатты және дайындықтан өткен күйде оралуларын тіледі.

«Әскери қызмет – жауапкершілік, тәртіп және батылдық мектебі. Мұнда сіздер жаңа білім мен дағдыларды игеріп, командада әрекет етуді және шешім қабылдауды үйренесіздер. Бір-бірлеріңізді қорғап, Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен орындаңыздар», – деді өңір басшысы.

Ата-аналар мен жақындар үшін шығарып салу маңызды әрі толқынысты оқиға болды. Жастарды алда әскери дайындық курсы, Әскери ант қабылдау, әскери-есептік мамандықты игеру және үйден жырақтағы қызметтің алғашқы айлары күтіп тұр.

Қорғаныс министрлігінің өкілдері әскерге шақырылушылармен және олардың ата-аналарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар әскери қызметті өткеру тәртібі, әлеуметтік кепілдіктер және әскери қызметшілерге берілетін мүмкіндіктер туралы айтып берді.

Қызмет барысында әскери қызметшілер дене шынықтыруын жетілдіріп, техника мен қару-жарақты игеріп, практикалық дағдыларды меңгеріп, өз шешімдері үшін жауапкершілік алуды үйренеді.

Мерзімді қызметті лайықты өткерген және белгіленген талаптарға сай әскери қызметшілер үшін заңнамада көзделген жеңілдіктер мен білім гранттарын пайдалана отырып, білім алуды жалғастыру мүмкіндіктері қарастырылған.

Шығарып салу рәсімінің салтанатты атмосферасын әскери оркестр және Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымдары қалыптастырды.

Оралдағы шығарып салу рәсімі Абай облысында бастау алған «Сарбаз жолы» дәстүрінің жалғасы болды. Оның негізгі идеясы – армия, отбасы және қоғамды өз елін қорғауға дайын, жауапкершілігі мол, тәртіпті және патриот азаматты тәрбиелеу деген ортақ мақсат төңірегінде біріктіру.

Көп оқылғандар