Қаржы

238 млн теңге субсидия жымқырған күдікті Грузиядан экстрадицияланды

Сурет: istockphoto.com

Мемлекеттік субсидия қаражатын жымқырды деген күдікпен Қазақстан азаматы Грузиядан елге қайтарылды. Ол асыл тұқымды ірі қара сатып алуға бөлінген 238 миллион теңгеден астам қаржыны иемденген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі және Ішкі істер министрлігі Интерпол қызметкерлерімен бірлесіп, күдіктіні Грузиядан елге қайтарды. Экстрадицияға Қазақстанның Грузиядағы елшілігі де қолдау көрсетті.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті 2020-2023 жылдары сенімді тұлғалардың атына тіркелген шаруа қожалықтарын пайдаланған. Ол асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға арналған жалған шарттар мен басқа да құжаттарды рәсімдеп, жеңілдетілген кредиттер мен мемлекеттік субсидияларды заңсыз алып отырған.

Қылмыстан кейін күдікті Қазақстаннан тыс жерде бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл наурызда Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

«Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Айта кетейік, жыл басынан бері Грузиядан Қазақстанға 7 адам экстрадицияланған. Олардың бесеуі жымқыру фактілері бойынша халықаралық іздеуде болған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген The Finiko құрылымдық бөлімшесінің басшысын Түркиядан елге қайтарды.

Көп оқылғандар