Спорт

Лас-Вегаста 23 жасқа дейінгі күрес әлем чемпионаты өтіп жатыр

Сурет: Egemen Qazaqstan

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Грек-рим күресінен Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов финалға шықты. 60 кг салмақта Айбек жартылай финалда украиналық Евгений Поковбаны ұтты. Ол алтын үшін әзербайжандық Эльмир Әлиевпен белдеседі. 72 кг салмақта Юсуф түркиялық Ибрахим Өздемірді жеңді. Финалда оның қарсыласы – армениялық Гаспар Тертерян.

Таеквондодан Париждегі Гран-при кезеңінде Мария Севостьянова қола медаль алды. 57 кг салмақта ол алдымен тайпейлік Вэй Чунь Линді, кейін мажарстандық Лука Патакфалвиді ұтты. Ширек финалда өзбекстандық Мадина Мырзаболованы жеңген ол жартылай финалда бразилиялық Мария Клара Пачекаға жол беріп, қола жүлдегер атанды. Таеквондодан биылғы Гран-при финалы 27–29 қарашада Астанада өтеді.

«Барыс» өз айдынында ресейлік «Сібірге» есе жіберді. Құрлықтық хоккей лигасының кезекті матчында елордалықтар 2:3 есебімен жеңілді. 13 ойыннан кейін 16 ұпай жинаған «Барыс» турнир кестесінде 10-орында тұр. Жерлестеріміз бүгін Екатеринбургтің «Автомобилист» клубымен кездеседі.

Ертең Черногорияның Будва қаласында 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты басталады. 27 қазанға дейін жалғасатын дода World Boxing ұйымының аясында өтеді. Әлемнің 80-ге жуық елінен 550 боксшы қатысатын бәсекеде ұлдар мен қыздар 10 салмақ дәрежесінде жүлде сарапқа салады. Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев баптайтын ерлер құрамасында Азия чемпиондары Бибарыс Әшірбай мен Владислав Саможонов секілді үмітті боксшылар бар. Қыздар құрамында жасөспірімдер мен жастар арасында екі дүркін Азия чемпионы Камила Оспанова, Азия чемпионы Зарина Толыбай, халықаралық «Адриатика жауһары» турнирінің жеңімпазы Мадира Жұмахан және Алина Құдайгенова өнер көрсетеді.

Шанхайдағы ATP 1000 санатындағы «Мастерс» турнирінің 1/8 финалында Александр Бублик германиялық Александр Зверевпен кездеседі. Үшінші айналымда Бублик америкалық Брэндон Накашиманы жеңсе, Зверев франциялық Кентен Алистен басым түсті. Қос теннисші бұған дейін төрт рет кездескен. Соның үшеуінде Бублик жеңсе, бір бәсекеде Зверев мерейі үстем болған.

Көп оқылғандар