Жайық news

Сырым ауданынан шыққан 17 жастағы Габит Расулхан дзюдодан әлем чемпионы атанды

Сурет: Жайық Пресс

Сырым ауданының Жетікөл ауылынан шыққан 17 жастағы Габит Расулхан кадеттер арасында дзюдодан әлем чемпионы атанды. Эквадорда өткен біріншіліктен оралған жас спортшы алдымен ата-бабасының кіндік қаны тамған туған жеріне келді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оны ауыл мәдениет үйінде жерлестері, туған-туыстары, ауыл ақсақалдары және аудан басшылығының өкілдері қарсы алды. Жас чемпионды құттықтауға Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов келді.

– Біздің өлке талантты спортшыларға бай болған. Жастардың алдында лайықты үлгі бар. Бүгінгі ұрпақ еңбек, табандылық және тәлімгерлердің қолдауы міндетті түрде нәтиже беретінін көрсетіп отыр. Габиттің жеңісі – соның тағы бір дәлелі, – деді ол.

Габиттің әлемдік алтынға жету жолы тоғыз жасында дзюдо секциясына алғаш келген кезден басталды. Осы жылдар ішінде көптеген жарыс, жаттығу және жеңіс болды. Жас спортшы кадеттер арасында Еуропа кубогының жеңімпазы атанып, енді басты табысқа қол жеткізді – әлем чемпионатының ең биік сатысына көтерілді. Әлем біріншілігі Гуаякиль қаласында өтті. Татамиде Габит Алжир, Түркия, Украина, Жапония және Канададан келген мықты қарсыластармен кездесуге мәжбүр болды. Бірақ олардың ешқайсысы қазақстандық дзюдошыны тоқтата алмады.

– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Барлық қарсыластар жақсы дайындалған, әрқайсысы ауыр бәсекелестік тудырды. Бірақ мен бір мақсатпен бардым – жеңу. Жаттықтырушыларыма және мені қолдап, сенген барлық жерлестеріме көп рахмет, – деді чемпион.

Ресми бөліктен кейін дәстүр бойынша жерлестері Габиттің иығына шапан жауып, туған жерін алыс-жақынға танытқан адамға деген зор құрмет ретінде сыйға жылқы тартты. Ақсақалдар жас жігітке бата беріп, денсаулық, жаңа жеңістер және спорт жолын лайықты жалғастыруды тіледі.

Көп оқылғандар