Жайық news

БҚО-да мас күйде көлік басқарған бес жүргізуші ұсталды

Сурет: Жайық Пресс

11 қазан күні Батыс Қазақстан облысының полицейлері мас күйде көлік басқарған бес жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сол түні сағат 01:20-де Переметное ауылында Lada Granta көлігі тоқтатылды. Тексеру барысында жүргізушінің бұрын көлік басқару құқығынан айырылғаны, алайда қайтадан мас күйде рөлге отырғаны белгілі болды.

Сағат 03:20-де Подстепное ауылында 41 жастағы Орал тұрғыны Lada Kalina көлігін мас күйде басқарғаны үшін ұсталды. Ал 04:16-да Оралда 21 жастағы Toyota Camry жүргізушісі, 06:09-да тағы бір Lada Kalina жүргізушісі мас күйде ұсталды.

Сағат 12:14-те Ақжайық ауданының орталығында Chevrolet Cruze көлігі тоқтатылып, оның жүргізушісінің де бұрын көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды.

Барлық көліктер арнайы тұраққа қойылды. Құқықбұзушыларға қатысты тиісті әкімшілік материалдар рәсімделді. Жауапкершілік шаралары туралы шешімді сот қабылдайды.

Полицейлердің уақтылы әрекеті мас күйдегі жүргізушілердің қатысуымен болуы мүмкін жол-көлік оқиғаларының алдын алды.

Көп оқылғандар