Сурет: Туризм және спорт министрлігі
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстанның грек-рим күресі құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Юсуф Ашраповтан кейін Айбек Айтбеков те әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Осылайша, қазақстандық балуандар U23 әлем чемпионаты тарихында алғаш рет бір жарыста екі алтын медальға қол жеткізді.
60 келі салмақта белдескен Айбек Айтбеков жарысты бес жеңіспен аяқтады. Алғашқы белдесуінде грузиялық Гиорги Кочалидзені 9:5 есебімен ұтты, келесі кезеңде Әлібек Әмірден 9:0, ширек финалда жапониялық Сэйма Токухарадан 7:3 есебімен басым түсті.
Жартылай финалда украиналық Евген Поковбаны 5:4 есебімен жеңіп, финалда Әзербайжан өкілі Эльмир Әлиевпен белдесті. Шешуші белдесуде қарсыласын 13:4 есебімен ұтып, әлем чемпионы атанды.
Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, 87 келі салмақтағы Темірлан Тұрдақын да финалға жолдама алды. Ал 130 келідегі Джохар Узаров қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
Темірлан Тұрдақын жартылай финалда Ресей балуанын 2:1 есебімен жеңіп, алтын медаль үшін белдесуге мүмкіндік алды. Енді ол финалда Иран өкілі Ясин Әли Яздимен күреседі.
130 келіде Джохар Узаров жартылай финалға дейін жетті. Финалға шығар белдесуде ол Ресей балуанына 0:5 есебімен есе жіберді. Енді Джохар әлем чемпионатының қола медалі үшін белдеседі.
Осылайша, Қазақстан құрамасынан бірден үш балуан U23 әлем чемпионатының финалына шықты.
Лас-Вегастағы U23 әлем чемпионаты 18 қазан күні өз мәресіне жетеді. Грек-рим күресінен бәсекелер жалғасып, одан кейін әйелдер және еркін күрес балуандары жарыс жолына шығады.
Бұған дейін әлем чемпионатында Юсуф Ашрапов алтын медаль жеңіп алғанын хабарлаған едік.
Мазмұнға өту
