Әлем

Рим Папасы XIV Леоға өкпе обыры бойынша ота жасалды

Сурет: Анадолы

Рим Папасы XIV Леодан өкпе обыры табылып, оған хирургиялық араласу жасалды. Ісік толығымен алынып тасталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ватиканның мәліметінше, Католик шіркеуінің басшысы отадан кейінгі түнді ауруханада тыныш өткізді. Оның оң жақ өкпесінің төменгі бөлігі алынды. Дәл сол аймақта аденокарцинома деп аталатын қатерлі ісік анықталған. Мамандардың пікірінше, бұл өкпе обырының ең жиі кездесетін түрі.

Дәрігерлердің айтуынша, ота 90 минутқа созылды. Операция сәтті аяқталып, асқынулар тіркелген жоқ. Емнің одан әрі қалай жалғасатыны әзірге белгісіз — бұл ағзада қатерлі ісік жасушаларының қалып қойған-қоймағанына байланысты. Ота сәтті болғанымен, аурудың қайта өршу қаупі сақталады.

XIV Лео қазанның 11-інде жоспарлы медициналық тексеру барысында өкпесінен ісік табылғанын және оған ота жасалатынын алғаш рет жария еткен болатын.

Бұған дейін Рим Папасы өз сырқатына қатысты мәлімдеме жасаған. Қараша айында оның Уругвай, Перу және Аргентинаға сапары жоспарланған еді.

Көп оқылғандар