Әлем

Сеулдегі профессор 20 жылдан астам қазақ тілін оқытып келеді

Сурет: Ақорда

Оңтүстік Корея астанасы Сеулдегі Хангук шет тілдері университетінің (HUFS) профессоры әрі Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ён Хун 20 жылдан астам уақыт бойы студенттерге қазақ тілін үйретіп келеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін профессор Сон Ён Хун Корея Республикасына ресми сапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан бірнеше отандасымен бірге II дәрежелі «Достық» орденін алды.

Аталған награда Корея азаматтарына екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайтуға, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.

«Сон Ён Хун 20 жылдан астам уақыттан бері Кореяда қазақ тілін оқытып, Ұлы даланың үні мен рухын корей жастарына таныстырып келеді. Профессордың айтуынша, қазақ тілін білмей, Ұлы даланың мәдениеті мен көшпенді халықтың болмысын терең түсіну мүмкін емес. Сондықтан ол үшін қазақ тілі – жай ғана пән емес, екі халықтың жүрегін жалғайтын рухани көпір», делінген материалда.

Марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымның көпжылдық еңбегін жоғары бағалап, оның қазақ тілінің мінсіз екенін және жадының мықтылығын ерекше атап өтті.

Рәсімде Сон Ён Хуннен бөлек II дәрежелі «Достық» орденімен Корея Республикасы Ұлттық жиналысының 22-шақырылым депутаттары Мэн Сон Гю мен Ли Чжэ-кан, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Сан Гюн және Hyundae General Hospital көпбейінді клиникасының директоры Ким Бу Соп марапатталды.

Көп оқылғандар