Қаржы

Өндірістік жабдық операторларының жалақысы 10,4%-ға өсті

Сурет: ашық дереккөз

Ұлттық статистика бюросы 2026 жылғы сәуірде қызметкерлердің есептелген жалақысы бойынша жыл сайынғы іріктемелі зерттеу жүргізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Зерттеуге сәуір айында толық жұмыс істеген қызметкерлер қамтылды. Есептеуге қосымша ақылар, үстемеақылар, сыйақылар, салықтар мен зейнетақы аударымдары кірді.

Бюроның баспасөз қызметі хабарлағандай, ұйымдар мен кәсіпорындардағы қызметкерлер саны 3 378,6 мың адамды құрады. Оның 48,1%-ы (1 626,4 мың адам) ерлер, 51,9%-ы (1 752,2 мың адам) әйелдер.

2026 жылы жоғары жалақы санаттарына ауысу үрдісі жалғасты. 100 мың теңгеге дейін жалақы алатындардың үлесі 3,3%-дан 2,3%-ға (-1,0 п.т.), 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгілер 43,0%-дан 39,3%-ға (-3,7 п.т.) төмендеді. Ал 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатындардың үлесі 53,7%-дан 58,4%-ға (+4,7 п.т.) өсті.

2025 жылмен салыстырғанда жалақының ең жоғары өсімі өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сабақтас кәсіптер жұмысшыларында (13,1%), сондай-ақ өндірістік жабдық операторлары, құрастырушылар мен жүргізушілерде (10,4%) тіркелді.

Өндіріс, көлік, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларын қоса алғанда, барлық кәсіптік топтарда атаулы жалақының оң динамикасы байқалды.

Ұйым басшыларының орташа айлық жалақысы 1 101,1 мың теңгені құрады. Инженерлер – 702,0 мың, еңбек қауіпсіздігі инженерлері – 645,0 мың, инженер-технологтар – 617,0 мың, инженер-энергетиктер – 615,1 мың, техниктер – 314,7 мың теңге алды.

Денсаулық сақтау саласында дәрігерлердің жалақысы 491,4 мың, фармацевтердікі 347,7 мың, фельдшерлердікі 313,6 мың, мейіргерлердікі 264,6 мың теңгені құрады.

Бухгалтерлер 398,6 мың, автомобиль жүргізушілері 328,1 мың, аспаздар 192,6 мың, күзетшілер 174,2 мың теңге жалақы алды.

Көрсеткіштер жыл сайын 2-Т (еңбекақы) «Жалақы құрылымы және оны бөлу туралы есеп» статистикалық нысаны бойынша жүргізілетін зерттеу негізінде қалыптастырылады. Есепті айда жұмысқа қабылданған немесе жұмыстан босатылған қызметкерлер есепке алынбайды.

Халықаралық ұсынымдарға сәйкес маусымдық сыйлықақылар мен еңбек демалысына байланысты төлемдердің әсерін азайту үшін есепті ай ретінде сәуір таңдалған.

Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері әзірге 85 мың теңге деңгейінде сақталады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Көп оқылғандар