Сурет: ашық дереккөз
Астана қаласының прокуратурасы тауарларды беру пунктінде жұмыс істеген 19 жастағы қызметкердің 14,9 млн теңгеден астам сомаға 195 бірлік тауарды ұрлағанын хабарлады, деп жазады Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Күдікті маркетплейс қосымшасы арқылы алтын бұйымдарға, киім-кешекке, азық-түлікке және өзге де тауарларға тапсырыс берген. Ол тауарларды алып, оларды жасырын түрде иемденіп, орнына басқа заттарды қайтарып немесе қоймаға өзге заттарды өткізіп отырған. Мысалы, құны 182 мың теңге тұратын алтын сырғаларға тапсырыс беріп, оларды әшекей бұйымдарға ауыстырып, сатушыға қайтарған.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді.
«Сот үкімімен оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талабы қанағаттандырылды», делінген хабарламада.
Бұған дейін Жамбыл облысы Сарысу ауданында прокуратура мен полицияның бірлескен шаралары нәтижесінде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының қорытындысымен мал ұрлығына қатысы бар үш тұрғынның ұсталғаны туралы хабарланған болатын.
Мазмұнға өту
