Қаржы

Тамызда тұрғын үй мәмілелері 3,6%-ға азайды

Сурет: ашық дереккөз

2026 жылғы тамызда Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 35 807 мәміле тіркелді. Бұл шілде айымен салыстырғанда 3,6%-ға төмен, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Аймақтар бойынша көшбасшы – Алматы: 7 690 мәміле (21,5%). Одан кейін Астана – 6 398 (17,9%) және Қарағанды облысы – 2 825 (7,9%). Ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында – 277 мәміле (0,8%).

Шілдемен салыстырғанда өсім Алматыда (5,9%), Қостанай облысында (5,5%) және Қарағанды облысында (5,1%) байқалды. Ал ең үлкен төмендеу Алматы облысында (-21,1%), Атырау облысында (-15,7%) және Жамбыл облысында (-13,7%) тіркелді.

Көппәтерлі үйлерде тамызда 27 719 мәміле жасалды, бұл жалпы көлемнің 77,4%-ы. Шілдемен салыстырғанда көрсеткіш 3%-ға, яғни 856 мәмілеге азайды. Пәтер сатуда Алматының үлесі 26%, Астананікі 22,6%, Қарағанды облысынікі 8,4%. Ең сұранысқа ие – бір бөлмелі пәтерлер: тамызда 10 806 мәміле.

Жеке тұрғын үйлер бойынша да төмендеу бар: 8 088 мәміле тіркеліп, шілдемен салыстырғанда 5,8%-ға немесе 495 мәмілеге азайды. Жеке үйлерді сатуда ең жоғары өсім Қызылорда (7,8%), Қарағанды (6,3%) және Жетісу (2,7%) облыстарында. Ең көп төмендеу Шығыс Қазақстан облысында (-15%), Алматы қаласында (-14,6%) және Ақтөбе облысында (-12,3%).

Бір жыл ішінде нарықтағы мәмілелер 13,5%-ға қысқарды: 2025 жылғы тамызда 41 380 болса, 2026 жылғы тамызда 35 807-ге төмендеді. Осы кезеңде ең көп өсім Түркістан облысында – 9,8%, ал ең үлкен төмендеу Астанада – 32,3%.

Жалпы, 2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға азайды.

Көп оқылғандар