Қоғам

Сауалнама: Тұрғындардың 78,2%-ы мектептердің қолжетімділігін оң бағалады

Сурет: Ерлан ОМАР / Egemen.kz

Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген зерттеу нәтижесінде ел тұрғындарының 78,2 пайызы өз өңіріндегі мектептердің қолжетімділігіне оң баға бергенін көрсетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сауалнама барысында тұрғындар өз өңірлеріндегі инфрақұрылым мен қызметтердің 17 түрін бағалаған. 2026 жылдың III тоқсанындағы нәтижелерге сәйкес, әртүрлі нысандарға қанағаттану деңгейі 57,8%-дан 78,2%-ға дейінгі аралықта тіркелген.

Мектептерден кейін балабақшалардың қолжетімділігі 73,3% көрсеткішпен екінші орында тұр. Спорт кешендері мен нысандарына 71,6%, мәдениет мекемелеріне 71,1% тұрғын оң баға берген.

Абаттандыру бағыты бойынша серуендеу және демалыс орындарының қолжетімділігін 67,8% респондент қолдаған. Көгалдандыруға 67,3%, көшелер мен аулалардың тазалығына 63,8% тұрғын қанағаттанған.

Балаларды дамыту мүмкіндіктеріне 66,2%, мемлекеттік органдар ақпаратының қолжетімділігіне 64,6%, ауыз су сапасына 64,4% оң баға берілген. Жолдардың сапасына қатысты көрсеткіш те жақсарған: қанағаттанатын тұрғындардың үлесі I тоқсандағы 50%-дан III тоқсанда 57,8%-ға дейін өскен.

Зерттеуге 18 жастан асқан 2 400 адам қатысқан. Сауалнама 1-16 тамыз аралығында Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, 17 облыс орталығында және ауылдық елді мекендерде жүргізілді.

Бұған дейін ел жастарының 90%-ға жуығы мемлекет дұрыс бағытта дамып жатыр деп санайтындығы туралы жазылған болатын.

Көп оқылғандар